Қазақстан Республикасының аумағына кіруді және оның аумағынан шығуды шектеу туралы
Қазақстан Республикасында 2020 жылғы 16 наурыздағы сағат 08.00-ден бастап төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты оның қолданылу кезеңінде келесі шаралар қабылданатын болады:
1. Төтенше жағдай қолданылатын кезеңде Қазақстан Республикасының азаматтары мен шетелдіктердің мемлекеттік шекара арқылы кіруіне - шығуына шектеу енгізілетін болады. Төмендегі жағдайлардан басқа:
-
бұрын шет мемлекеттің аумағына шыққан және Қазақстан Республикасына қайтып келген Қазақстан Республикасының азаматтары;
-
денсаулық сақтау мекемелерінің растайтын құжаттарын ұсынып, шетелге емделуге шығатын Қазақстан Республикасының азаматтары;
-
осыған дейін Қазақстан Республикасының аумағына кірген және елден шығатын шетелдіктер;
-
еліміздің және шет мемлекеттердің дипломатиялық қызмет персоналы және олардың отбасы мүшелері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің шақыруы бойынша Қазақстанға келетін шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар делегацияларының мүшелері;
-
поездық және локомотив бригадаларының, әуе және теңіз кемелері экипаждарының мүшелері;
-
Қазақстан Республикасының аумағындағы шетелдік трансшекаралық құрылыстарға қызмет көрсететін персонал және шектес мемлекеттердің аумағындағы қазақстандық трансшекаралық құрылыстарға қызмет көрсететін персонал;
-
шектеулерді енгізгенге дейін (2020 жылғы 16 наурыз сағат 08.00-ге дейін) жолға шыққан және транзиттік жолаушылар поезымен жолда келе жатқан шетелдіктер;
-
Қазақстан Республикасының аумағында тұруға ықтиярхаттары бар шетелдіктер (азаматтығы жоқ тұлғалар);
- Қазақстан Республикасы азаматының отбасы мүшесі болып табылатын шет ел азаматы (туыстық байланыс фактісі расталған жағдайда – жұбайы (зайыбы), олардың ата-аналары мен балалары).
Трансшекаралық құрылыстар – мемлекеттік шекараны кесіп өтетін темір жолдар, автомобиль жолдары, құбырлар, электр беру желілері, кабельдер, көпірлер, бөгеттер, шлюздер, су арналарының құрылыстары және басқа да құрылыстар, сондай-ақ Тараптардың бірінің шекара маңындағы аумақ (шекара аймағы) шегінде, екінші Тарап мемлекетінің аумағындағы объектілері.